1942 жылы Алматы ликер-арақ зауыты мен Мәскеудің «Бабаев атындағы» және «Рот Фронт» кондитерлік фабрикаларының цехтары негізінде құрылған. Шоколад өнімдерін, карамель, печенье, вафли, шығыс тәттілері, зефир, мармелад және басқа да өнімдер шығарады. 1965 жылы фабрикада негізгі өндірістің бірнеше цехтарын қайта құру және кеңейту жұмыстары басталды, 1967 жылы бисквит цехы, ал 1980 жылы какао-бұршақтарын өңдеу және шоколад өнімдерін өндіру цехы пайдалануға берілді (жобалық қуаты жылына 12,7 мың тонна өнім). 1982 жылы еңбек механизациясы деңгейі 64,8%-ды, соның ішінде негізгі өндіріс цехтарында 71,5%-ды, ал қосалқы қызмет учаскелерінде 47,9%-ды құрады. КСРО ыдырағанға дейін фабрика Қазақ КСР-дің Азық-түлік өнеркәсібі министрлігінің «Кондитерпром» мемлекеттік бірлестігіне кірді. 1992 жылы жекешелендіру нәтижесінде мемлекеттік меншікке тиесілі зауыт жеке меншікке өтіп, акционерлік қоғамға айналды. Қазіргі уақытта фабрика өнімдерінің ассортименті 10 түрлі топқа жататын 250-ден астам кондитерлік өнімдерді қамтиды. «LOTTE Рахат» кондитерлік фабрикасының өнімдері бүгінде Ресей, Германия, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ауғанстанға экспортталады. 2018 жылдың ақпанында «Рахат» АҚ Мәскеуде өткен «ПродЭкспо-2018» көрмесіне қатысты. Көрмеге ұсынылған барлық өнімдер алтын медальдар мен дипломдарға ие болды. 2020 жылдың маусымында коронавирус таралуына байланысты «Рахат» кондитерлік фабрикасының қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды. 2022 жылдың сәуір айында әртүрлі өндірушілерде қант тапшылығы туралы сыбыстар пайда болды. «Рахат» фабрикасының операциялық директоры Валерий Кинзерскийдің айтуынша, қиындықтар бар, бірақ өндірісті тоқтату жоспарланбаған.